Петропавлда қоқыс шығару тарифін шамамен екі есе өсірмек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарудың жаңа тарифін бекіту туралы жоба нұсқасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба «Петропавл қаласы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» деп аталады.

12 қаңтар күні жарияланған құжат екі апта бойы талқыға түспек.

Петропавл қалалық мәслихатының шешімімен шаһар халқы, соның ішінде жеке үй тұрғындары тұрмыстық қатты қалдықтар үшін бір адамға 510,15 теңге төлемек.

Көппәтерді үйдің тұрғындары бір адам үшін айына 480 теңге төлейді. Ал заңды тұлғалардан 1 шаршы метр үшін 2782,61 теңге алынбақ.

Петропавл қаласында қатты қалдықтар үшін тариф соңғы рет 2017 жылы көтерілген екен.

Коммуналдық қызметтің осы түрімен айналысатын кәсіпкерлер бағаны өсірмек болып бірнеше рет оқталған еді.

Қоқыс шығарушылардың айтуынша, қазір олардың кірісінен шығысы көп. Өйткені жанар-жағар май, қажетті қосалқы бөлшектер қымбаттаған.

Әрі жұмысшылардың да еңбекақысын өсіру қажет. Техника да ескірген, сол себепті қатты аяздарға шыдас бермейді екен.

Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдық үшін көпқабатты үйлердің тұрғындары бір адам үшін 220 теңге, жеке тұрғын үйлер 234 теңге, ал заңды тұлғалар 1 текше метр үшін 2530 теңге төлеп отыр.