Петропавлда көлік жүргізушісі екі аптада жылдамдық режимін 56 рет бұзған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көлік жүргізуші жылдамдықты 56 рет асырып, интеллектуалды бейнетіркеу жүйесіне түсіп қалған. Енді ол тек осы заң бұзушылық үшін ғана 1,3 млн теңге айыппұл төлемек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 24 мамыр мен 8 маусым аралығында шетелдік тіркеуде тұрған ВАЗ-21101 автокөлігі жылдамдықты 56 рет асырған. Оның бұл әрекеті интеллектуалды бейнетіркеуге түскен. Заң бұзушыны көліктің сақтандыру полисі болмағандықтан тез арада табу мүмкін болмады.

Тәртіп сақшылары оған қатысты анықталмаған жүргізуші санаты бойынша мәліметтер базасына бағдар енгізді. Осылайша камералар оны автоматты түрде іздеуді бастады. «Мегакам.Қорғау» қосымшасының көмегімен СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру тобының қызметкерлері қысқа мерзімде автокөлікті анықтады.

«Көлікті Петропавлдың 29 жастағы тұрғыны басқарған. Жылдамдық режимін бірнеше мәрте бұзғаны үшін ол енді 1,3 млн теңгеден астам айыппұл төлейді. Сондай-ақ, жігітке көлікті сақтандыру полисінсіз басқарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Көлік арнайы автотұраққа қойылды», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

СҚО-да 8 маусымнан бастап «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. 6 күн ішінде әкімшілік айыппұл төлемеген 4745 адам анықталған.

Жалпы жыл басынан бері өңірде автоматты тіркеудің бейнежүйелері арқылы барлығы 15,5 мың жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелді.