Петропавлда көлікті «сканермен» тонаған ұрылар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда полиция қызметкерлері арнайы құрылғымен автокөліктердің есігін ашып, ішіндегі ақшаны ұрлап кетіп жүрген екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, облыс орталығында жаз айларынан бері көліктің ішіндегі ақшаны ұрлау оқиғасы жиілей түскен. Бір қызығы, ұрылар көліктің есігін бұзылған ешқандай белгі қалдырмапты. Жедел қызметкерлер істі зерттей келе ұрылардың арнайы құрылғы - дабыл белгілерін сканерлеуге арналған граббармен ұрлықты жасағанын аңғарған.

«Ұрлықтардың бірінің ақыры беті ашылып, ұрылар қолға түсті. Ұсталған кезде олардан сигнализация түрлерін, ұялы телефондар мен көптеген сим-карталардың кодын оқи алатын сканер тәркіленді», - деп хабарлайды ведомстводан.

Қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары Асан Мейрамовтың айтуынша, ұрылар Шәжімбаев - Бейбітшілік көшесінің бойында ұсталған. Екі ер адам бірқатар автокөліктердің тоналуына қатысты істерге күдікті ретінде ұсталған. Олардың бірі Петропавл қаласының тұрғыны болса, екіншісі бұрын сотты болған Грузия елінің азаматы болып шықты.

«Анықталғанындай, бұрын сотты болған шетелдік 29 жастағы петропавлдықпен бірге белгілі бір жоспар арқылы әрекет еткен: оның бірі ешкімнің келіп қалмауын бақылап тұрса, екіншісі автокөлікті сканермен ашып алып, ұрлық жасаған. Автокөліктерден тек ақшаны ұрлап әкетіп отырған. Басқа заттар оларды қызықтырмаған. Екеуі де уақытша оқшаулағышқа қамалды», - деп хабарлайды СҚО ІІД баспасөз қызметінен.