Петропавлда колледж жатақханасында 8 адамнан теміреткі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің жатақханасында тұратын сегіз адам «дене терісінің дерматофитиясы» бастапқы диагнозымен ауруханаға жатқызылды.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Халық арасында теміреткі деп аталып кеткен дерматофития жұқпалы ауруға жатады.

Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Анара Кургунбаеваның айтуынша, 25 қыркүйекте Көпбейінді облыстық ауруханадан сегіз адамға «дене терісінің дерматофитиясы» бастапқы диагнозы қойылғандығы туралы шұғыл хабарлама түскен.

Қазіргі уақытта инфекцияның көзін және ықтимал берілу жолдарын анықтау мақсатында колледж бен оның жатақханасында эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

- Тексеру барысында науқастардың жатақхананың бір қабатында тұратыны, бөлмелерінің бір-біріне жақын орналасқаны және олардың арасында тығыз тұрмыстық байланыс болғаны анықталды. Диагнозды нақтылау үшін тері-венерологиялық диспансерде алынған патологиялық материалға зертханалық зерттеу жүргізіліп жатыр, - дейді Анара Кургунбаева.

Қазіргі уақытта барлық науқас ауруханаға жатқызылған. Сонымен қатар олардың тұрғылықты жері мен оқу орнында қорытынды дезинфекция жүргізілген. Маманның айтуынша, колледж бен жатақханада эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар өткізу туралы қаулы шығарылды.

- Науқастарға емдеу курсы аяқталғаннан кейін бір ай бойы динамикалық медициналық бақылауда болады. Осы кезеңде олардан бақылау үшін тағы екі рет зертханалық талдау алынады, - дейді Анара Кургунбаева.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, қазір инфекцияның нақты көзі анықталған жоқ. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Бұған дейін Астанада пневмониямен 192 бала ауруханада ем алып жатқанын жазған едік.