Петропавлда көне Құрандар көрмесі өтіп жатыр — фоторепортаж

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы Ислам мәдениеті музейінде ерекше көрме ашылып, жұрт назарына ғасырдан астам уақыт бұрын басып шығарылған құрандар ұсынылды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Көрмеге келушілер 20-дан астам құранды және өзге де көне жәдігерлерді тамашалай алады. 

— Абылайхан резиденциясы музей кешенінің ұйымдастыруымен филиал — Ислам мәдениеті музейінде көрме өтіп жатыр. Биыл бұл музейдің ашылғанына екі жыл. Осы аралықта 30-дан астам құран жиналды. Соның ең көне дегендерін бүгін шығарып, келушілерге таныстырып жатырмыз. Мақсатымыз — дінге шақыру емес, құранның пайда болу тарихын, жазбалардың қаншалықты маңызды екенін көрсету, — дейді Абылайхан резиденциясы музей кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекова. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Соның бірі — беті сарғайғанымен құндылығын жоғалтпай, 134 жыл бұрын баспадан шыққан құран кітабы. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Құран төрт баспамен шыққан, бірінші араб баспасы, екіншісі — Пәкістан баспасы, түрік және татар баспасы. Қазір музейімізде осы татар баспасының бірінші басылымда шыққан нұсқасы сақталған. Бұл кітап 1881 жылы шыққан. Құранның барлығы бір мағынада шыққан. Бұл құрандарды бізге тұрғындар әкеліп тапсырып жатыр. Сандықта жатқан, ата-бабасынан қалған, соны музейге тегін сыйлады. Оларды біз осылайша жұрт назарына ұсынамыз және оқып отырамыз, — дейді Ислам мәдениеті музейінің директоры Мұрат Әміржанов.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Көрмеден 1893, 1910, 1907 жылғы көне құрандарды да көруге болады. Ал мына тасбих 19 ғасырда қыштан жасалған екен.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Тасбих 99 тастан тұрады. Неліктен? Алланың 99 есіміне байланысты. Мына жәдігерді Ирактың Бағдад қаласына жарылғыш заттарды залалсыздандыру жұмысымен біздің Петропавлдан барған жігіт тапсырды. Ол мешітте жұмыс істеп жүріп, үйінділердің астынан тапқан екен. Соған риза болып, мешіттің имамы сыйлыққа берген. Бұл тасбихта Ясин сүресі жазылған. Бұрын сүрелер ағаштың қабығына, терілерге, қышқа жазылған. Көпшілік Ясин сүресін үйді тазалауға, ауру-сырқаудан арылуға, тіл-көзден сақтану үшін пайдаланады, — дейді Мұрат Әміржанов.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Алтын орда дәуіріне жататын Қызыл оба қорымынан табылған жәдігерлерді де тамашалауға болады. 

Петропавлда Ислам мәдениеті музейі 2023 жылы күзде ашылды

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ғимараттың өз тарихы бар, ол 1857 жылы мешіт ретінде салынып, кейін жергілікті зауыттың қоймасы ретінде пайдаланып келді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Күрделі жөндеу барысында нысанның өзіндік ерекшелігі сақталып қалды.

Бұған дейін Сырымбеттегі Шоқан музейі және ғалымның балалық шағы өткен Айғаным қонысы жайлы жазған едік. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform