Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 19.37-де «101» нөміріне Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесі, 225 мекенжайындағы тұрғын үйде өрт шыққандығы жөнінде хабарлама түскен. Бес қабатты бұл үй бұрын жатақхана болған, бір ғана кіреберісі бар, ұзын дәлізді ғимарат. Жалын екінші қабаттағы пәтерлердің бірінен шыққан.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына 3 минутта жетті. Олар баспалдақты қолданып, екі адамды қою түтіннің ішінен алып шықты. Тағы 132 адам, соның ішінде 25 бала қауіпсіз жерге шығарылды.
Ал 20 минуттың ішінде жалынды ауыздықтап, сағат 20.21-де толық сөндірді. Тілсіз жаумен өрт сөндіру қызметінің 31 маманы күресіп, 9 техника жұмыс істеді. Әзірге өрттің неден шыққаны және шығын мөлшері белгісіз.