Петропавлда көшедегі ағаштардың қайта-қайта құлауына не себеп

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жарты айдың ішінде осымен екінші рет көшеде өсіп тұрған ағаш құлады.

Фото: Петропавл қалалық ТКШ бөлімі

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 87 мекенжайы маңында ағаш опырылып түскен. Оқиға салдарынан жол жиегінде тұрған жеңіл көлік айтарлықтай зақымданды. 

Қазіргі уақытта тиісті сала мамандары жұмыс жүргізіп, ағаштың құлау себептерін анықтап жатыр. Ал зақымданған көлік иелері тәуелсіз сарапшыларды шақырып, шығын мөлшерін анықтайды. Кейін сотқа жүгінбек. 

Фото: Петропавл қалалық ТКШ бөлімі

Петропавлдағы ботаникалық бақтың директоры, дендролог Артур Рязаповтың айтуынша, жол жиегіндегі ағаштың құлауына көшені абаттандыру кезінде белгілі бір талаптардың сақталмауы себеп болған. 

- Оқиға орнына барып көрдім, ағаш шіріп, зең пайда болған. Өйткені теректің түбін орын қалдырмай кеспе тастармен жауып тастаған. Салдарынан тамырына ауа бармай, ылғал кетпей шіріген. 

Экология және табиға ресурстар министрлігінің елді мекендердегі жасыл желектерді отырғызу, күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі қағидалар бойынша асфальт төсеу, тас төсеу, тротуарлар мен жолдарды плиткамен жабу жұмыстары жүргізілген кезде ағаштың түбінде диаметрі кемінде 1,2 метр болатын ашық алаң, яғни түп маңы қалдырылуы керек, - дейді Артур Рязапов.

Фото: Артур Рязапов

Маманның айтуынша, құрылыс жұмыстары барысында барынша өсіп тұрған ағашқа зиян тимейтіндей жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, жол, тротуар және басқа нысандарды салу немесе қайта жаңарту кезінде жасыл желектер орналасқан аумақта жер деңгейін өзгертуге болмайды.

Егер ағаш тамырларын көму немесе ашу міндетті болса, жобада ағаштардың қалыпты өсуін сақтайтын арнайы шаралар қарастырылуы керек.

Фото: Петропавл қалалық ТКШ бөлімі

- Ереже болғанымен, оны сақтайтындар некен-саяқ. Өйткені, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілмеген. Яғни, айыппұл қарастырылмаған, - дейді Артур Рязапов. 

Осыдан он шақты күн бұрын Петропавлда екі ағаш құлап, электр бағанын зақымдаған еді.

Фото: Артур Рязапов