Петропавлда көшелерден қарды шығаруға әскерилер мен еріктілер көмектесіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда су тасқынына қарсы шаралар күшейтіліп, ауқымды сенбілік өтті. 

Фото: видеодан алынған скрин

Негізгі күш еріген қар суы жиналып, үйлерге кіруі мүмкін «Бірлік» шағын ауданына, Жұмысшы кентіне жұмылдырылды.

Жауапты коммуналдық қызметтер облыс орталығынан қарды тоқтаусыз полигонға шығарып жатыр. Бұл жолы оларға ондаған ұйым, әскерилер мен волонтерлер сенбілік аясында көмекке келді. 

Фото: видеодан алынған скрин

— Бүгінгі күні қала көшелерінде 200-ден астам техника, 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Қар суы жиналатын учаскелер кезек-кезекпен тазартылып жатыр.

Нөсерлік кәріз жүйелері қолмен тазартылады. Бұл — су басудың алдын алуда өте маңызды, — дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

Фото: видеодан алынған скрин

Петропавлда жаңбыр суын ағызу жүйелерінің жалпы ұзындығы 119 км жабық және 116 км ашық жатқан арықтары бар.

— Қазір күнде жаңбыр суын ағызу жүйесін тазалау және оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы аптада қалың қар жауып, боран тұрып, салдарынан қаланың кейбір учаскелерінде арықтарды 2-3 рет қайта тазалауға тура келген, — дейді Петропавл қаласы әкімдігінің тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары кәсіпорны директорының орынбасары Айдар Оспанов.

Фото: видеодан алынған скрин

Мамандардың айтуынша, биыл қыс мезгілінде Петропавлдан ғана 850 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Жұмыс күшейтілген режимде жалғасады. Негізгі мақсат — қардың қарқынды еру кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұған дейін СҚО-да өзендерде мұзды жаруға 84 млн теңге жұмсалатынын жазған едік.