Петропавлда куәлігі жоқ жүргізуші автобусты тізгіндеген

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда полицейлер бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін куәлігінен айырылған автобус жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 47 жастағы ер адамды вокзалмаңы алаңында құжаттарды тексеру кезінде анықтаған. №19 бағдарда жүретін оның жүргізуші куәлігі болмай шықты. Анықталғандай, куәлігінен маусым айының соңында мас күйінде рульге отырғаны үшін айырылған. Бұл факті туралы ол жұмыс орнына айтпаған.

Құжаттарды тексеру кезінде автобустың техникалық тексеру мерзімі де өтіп кеткені анықталды.

«Жүргізушіге қатысты хаттама толтырылды. Оған 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Машина арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді», - деді жол-патрульдік полициясы батальонының командирі Азамат Келдеғұлов.

Бағдарлық автобусқа жауапты жеке кәсіпкер де жауапқа тартылады. Полицейлер екі күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзудың 204 фактісін тіркеді. Олардың басым бөлігі рульде телефон қолданып, жылдамдықты асырған және техникалық тексеруден өтпеген.