Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 20 желтоқсан күні басталды. Сауда-саттық облыс орталығының 5 – «Алтын Арман», коммуналдық, «Привокзальный», «Корона», «Дария» базарларында ұйымдастырылған, осылайша қаланың негізгі аудандары арзан азық-түлікпен қамтылды. Өңірде 13 аудан болса, олар кезекпен өз өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп жатыр. Мәселен, бүгін коммуналдық базарда Аққайың, Жамбыл және Қызылжар ауданының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері келушілерге өз өнімдерін ұсынды. Сөреге қой еті, құс пен шошқа еті, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, түрлі көкөніс қойылған. Бағасы дүкендегіден арзан.
Мәселен, жылқы етінің келісі – 2400 теңге, сиыр еті 1700 теңгеден, қой еті - 2200, қаздың келісі 2200 теңгеден саудаланып жатыр. Жұмыртқаның 10 данасы 350 теңге тұрады.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі таңғы сағат 8.00-ден 12.00 аралығында 30 желтоқсанға дейін күнделікті жұмыс істейді.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен 20 желтоқсаннан бастап ұйымдастырылып жатыр. Мақсат, әрине, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, халықты Жаңа жыл мерекесі алдында арзан, әрі табиғи сапалы өніммен қамтамасыз ету. Тұрғындар тарапынан сұраныс үлкен. Күнделікті 3 тоннаға жуық өнім сатылып жатыр», - дейді Петропавл қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Абаев.