СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау мақсатында жұмысты жандандырды. Полицейлер таңғы сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін үйсіздер көп жүретін жылу құбырларының және вокзал маңын, жертөлелерді, қоқыс полигондары мен базарларды тексереді. Нәтижесіне жыл басынан қалалық полиция басқармасының қабылдап-бөлу орнына 2348 адам жеткізілді. Оның 299-ы сот санкциясымен сол жерге орналастырылды.
Қалалық полиция басқармасы қабылдап-бөлу мекемесінің бастығы Руслан Әлібаевтың сөзіне қарағанда, «Қаңғыбас» жедел-алдын алу іс-шарасы мамыр және қыркүйек айларында өткізілді. Оған полицияның барлық бөлімшелері жұмылдырылды. Тек учаскелік инспекторлар ғана мекемеге 265 адамды әкелді. Бұл жерде қаңғыбастарды фото-бейне есепке алады, іздеуде бар-жоғын білу үшін саусақ іздерін тексереді. Биыл қабылдау орнына 215 адам тіркеуге алынса, соның 61-і – әйел. Кезбелердің орта жасы 40 пен 50 аралығында. Олар жазда негізінен саяжайларда тұрса, күн суытысымен қалаға оралып, вокзал, базар маңдарын жағалайды. Көп қабатты үйлердің кіреберістерінде түнейді. Мұндай жағдайда полицейлерге хабар берген жөн.
Жұмысшы кентінің 2629 км мекенжайы бойынша орналасқан қаңғыбастарға арналған түнгі жатақ биыл да жұмыс істейді. Бұл орталық салқын түсісімен-ақ 1 қазаннан ашылып, жатар жері жоқ жандарды қабылдай бастады. 50 орынға арналған. Қаңғыбастар бұл жерде кешкі сағат 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін бола алады. «Әзірше келушілер аз болғанымен, аязды күндері жатақ лық толады. Бұл олардың үсік алмауына, аязда қатып қалмауына көмектеседі», - дейді тәртіп сақшылары.
Тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға қатысты ақпаратты Петропавл қалалық Полиция басқармасының қабылдап-тарату мекемесінің кезекші бөліміне 8 (7152) 52-92-99 телефон нөмірі арқылы хабарлауға болады.