Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында күйеуін пышақтап өлтірген әйелге қатысты іс қаралып, нүктесі қойылды.
Петропавл қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген 32 жастағы тәртіп сақшысының денесі Береке шағын ауданындағы өз пәтерінен табылған еді.
Марқұм кеуде тұсына сұғылған пышақ жарақатынан көз жұмған. Күдікті ретінде ер адамның әйелі ұсталып, қамауға алынды.
СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыс 25 мамыр күні сағат 2.30 шамасында жасалды. Отбасылық жанжал кезінде әйелі күйеуіне пышақ сұғып алған.
Оған ерінің көзіне шөп салуы себеп болған екен. Алған жарақаттан ер адам сол жерде көз жұмды.
Ж-ның кінәсін куәгерлер де, оқиға орнын көру және тиісті сараптама қорытындысы да растады.
Прокурор Ж-ны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленуші жақ жазаның мөлшерін соттың қарауына қалдырды. Ал қорғаушылар ҚК 99 бабы 1 бөліміне сай жазаны барынша жеңілдетуді сұрады.
Жазаны жеңілдетуге Ж-ның істеген ісіне шын өкініп, кінәсін мойындауы және кішкентай екі баласының болуы, күйеуінің адамгершілікке жат қылық жасағаны себеп болды.
Ал Ж-ның қылмыс жасаған кезде мас болуы оның кінәсін ауырлатты.
Нәтижесінде сот бәрін ескере келе Ж-ға бап бойынша қолданылатын ең төменгі жазаны тағайындады.
Әйел алдағы 8 жылын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өткізеді.