Екі қабатты баспана 1870 жылы көпестің тапсырысымен салынған. Қызыл кірпіштен тұрғызылған ғимараттың бірінші қабаты дүкен мен қойма ретінде пайдаланылса, екінші қабатында үй иесінің отбасы тұрған.
СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Әли Тұрысовтың айтуынша, бұл үй тарихының басқалардан тағы бір ерекшелігі - мұнда Әлібайдың қызы Зылиха дүниеге келген.
Кейін ол қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевқа тұрмысқа шықты.
Мағжан мен Зылиха үйленгеннен кейін 1922 жылға дейін осы үйде тұрған екен.
– 1922 жылдан кейін ғимаратта түрлі мекемелер орналасты. Екінші Жүниежүзілік соғыс жылдары мұнда қалалық халық ағарту бөлімі орналасса, кейін дүкен, мейрамхана және дәмхана ретінде пайдаланылған. Қазіргі уақытта мұнда газеттің редакциясы орналасқан, - дейді Әли Тұрысов.
Ғимарат көпбұрышты етіп салынған. Оның негізгі бөлігі тікбұрышты болып келсе, батыс және оңтүстік жақтарына шағын қосымша бөліктер жалғасқан. Терезелері тікбұрышты, ал екінші қабаттағы негізгі қасбеттегі терезе жақтаулары пилястрлар және аркалы сәндік элементтермен безендірілген.
– Ғимарат XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы шағын көпес қалаларына тән сәулет үлгісін көрсетеді. Ғимараттың орталық бөлігінде кіреберіс есік, екінші қабатта балкон және сәнді фронтон орналасқан. Іргетасы кірпіштен қаланып, шатыр жабындысы металлдан жасалған. Жалпы биіктігі – 12 метр, - дейді орталық директоры.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көпес Әлібайдың фотосы сақталмағанымен, қызы Зылиханың суретін көруге болады. Жалпы, тарихи-мәдени нысан жайында ақпарат аз.
Көпес Мұхамедьяровтың үйі Петропавлдың маңызды сәулет мұраларының бірі ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.
Бұған дейін Петропавлдағы тарихи ескерткіш – көпес Стреловтың үйінде жөндеу жұмысы басталғанын жазған едік.