Петропавлда мас адам суицид жасамақ болды
АСТАНА. KAZINFORM — Петропавлда қалалық полиция басқармасының бастығы дәмханадан шыққан мас тұрғынның өз-өзіне қол салуына жол бермеді.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 ақпан сағат 07:00 шамасында қаланың көңіл көтеретін орындарының бірінде мас күйдегі екі тұрғын теріс қылық көрсетіп, тәртіпті бұза бастаған. Жақын маңда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін оқиға орнына келді.
— Шу шығарғандардың біреуіне самбо әдістерін қолданып, қолына кісен салуға тура келді. Екіншісі ашу үстінде өзінің тамағына пышақ тақап, өзін-өзі өлтіретінін айтып қорқыта бастаған. Оқиға орнына дереу қосымша күштер жіберілді, сондай-ақ қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев та келді. Осындай сипаттағы әр түрлі қиын жағдайларда жылдам әрі тиімді шешім қабылдай білетін тәжірибелі офицер жанжалқоймен келіссөздер жүргізе бастады. Абырой болғанда, ызаланған қала тұрғыны тынышталып, пышағын жерге тастады. Кейін полицейлердің талабымен қызметтік көлікке отырды. Қазіргі уақытта ұсталған ер адамдардың екеуі де полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік жазаларын өтеп жатыр, — делінген ведомство хабарламасында.
Бұл ретте олардың қалған әрекеттеріне бөлек құқықтық баға берілетіні айтылды.
Осыған дейін Петропавлдағы кәріз құдығында жарылыс болып, бес адам зардап шеккенін жазған едік.