Петропавлда мас ер адам көшеде қар тазалап жүрген тракторды мініп кеткен

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мас ер адам қар сыруға шыққан тракторды мініп кетіп, көше кезген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда патрульді полиция батальонының экипажы таңғы сағат 6.00 шамасында Партизанская көшесінде екі тракторшының жанжалының үстінен түскен. Олардың біреуі мас болып шықты.

Сол күні Петропавлдағы ЖШС бірінің жұмысшысы «МТЗ-80.1» тракторымен көшені қардан тазартуға шыққан. Жамбыл-Челюскин көшелерінің қиылысында тракторының қозғалтқышында ақау барлығын байқаған ол қажетті қосалқы бөлшекті алу үшін кәсіпорынға кеткен. Жол жиегінде тұрған техниканы үйіне бара жатқан мас ер адам байқап, от алдырған. Партизанская көшесінде трактормен кетіп бара жатқан оны сол кәсіпорынның басқа механизаторы байқап қалған. Таныс техниканың рөлінде бөгде адамның отырғанын байқап, оны тоқтатқан. Патрульдік полицейлер де сол сәттің үстінен түскен екен.

Ұсталған Петропавлдың 32 жастағы тұрғыны. Қазіргі таңда сот шешімімен ол «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бабы бойынша әкімшілік қамаққа алынды. Бұдан бөлек, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» 200-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Автокөлікті мініп кету жағдайлары көп жағдайда мас күйде жасалады.

Жыл басынан облыста осындай 8 факті тіркелді. Олардың барлығы ашылды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.