Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға былтыр қазан айында болған. Жасөспірімнің «әзілінен» кейін, оқу процесі бұзылып, мектепті босатуға тура келген.
Ғимаратты арнайы қызметтер тексергеннен кейін ақпарат расталмады.
Петропавл прокуратурасы кәмелетке толмағанға ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, атап айтқанда, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру бойынша айып тақты.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оқушыны кінәлі деп таныды. Оған жазасын өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура органдары терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін, төтенше жағдайлар мен мемлекеттік қызметтердің қалыпты жұмысына кедергі келтіретінін және қаржылық шығындар мен қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Бұған дейін жыл басынан бері жалған ақпарат таратқан 60-қа жуық адам жауапқа тартылғанын жазған едік.