Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында 17 көпқабатты үй жаңғыртылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында 17 көп қабатты үй жаңғыртылды, тағы соншасы жобаға қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев тұрғындар алдында есеп беріп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Шаһар басшысының айтуынша, облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты 17 үй жөнге келтірілді.

«Соңғы екі жылдың ішінде көпқабатты үйлерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 2 млрд теңгенің несиесі берілді. Ол қаражатты баспананың шатырын күрделі жөндеуге және лифттерді ауыстыруға жұмсауға болады. Нәтижесінде төрт үйде ширек ғасыр жұмыс істемеген лифттер ауыстырылды.

Наурыз айында біз 2024 жылы бағдарламаға қатысу үшін құжаттарды жібереміз. Ол үшін біз қай үйлерде күрделі жөндеу жүргізілетінін анықтауымыз керек. Бұл үйлерді сіздер ұсынуларыңыз қажет. Атқарылатын жұмыс пен мердігер компанияны өздеріңіз таңдай аласыздар. Десек те біз сіздерді бағдарламаға қатысуға мәжбүрлей алмаймыз», - деді Петропавл әкімі Руслан Аңбаев.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында қаражат 15 жылға 0,1 % несиеге беріледі. Қатысу үшін пәтер иелері жиналыс өткізіп, ортақ шешімге келулері тиіс.