Петропавлда мобильді топ газ баллонын пайдалануға қатысты дәмханаларды тексерді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құрамына мүдделі ведомство өкілдері кірген мобильді топтар қоғамдық тамақтану орындарын тексеріп, газ баллонын пайдалануда заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Петропавлда Интернационал көшесіндегі дәмханада болған жарылыстан кейін облыс орталығындағы қоғамдық тамақтану орындары тексерілді.

Осы мақсатта екі мониторинг тобы құрылды. Олардың құрамына жергілікті атқарушы билік өкілдері, полиция, тұрғын үй-коммуналдық инспекция қызметкерлері, газ-техникалық қызмет мамандары, кәсіпкерлер палатасының және облыстық ТЖД өкілдері кірді.

«21 ақпан күні дәмханада газ баллоны жарылып, салдарынан 3 адам қаза тапты. Осыған байланысты 2 мониторинг тобы 90-нан астам нысанды тексерді. Біздің мақсат – оқыс оқиғалардың алдын алу, ескерту. Өйткені елімізде шағын бизнес субъектілерін тексеруге болмайды, мораторий жарияланған», - СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Николай Белоусов.

Мониторинг барысында 3 дәмхананың газ баллонын қолданатыны анықталды. Нысан иелері ескерту жасалды..