Петропавлда мұз аренасы бар Спорт сарайы ашылды (ФОТО)

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда мұз аренасы бар Спорт сарайы ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен СҚО әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

«Белгілі спортшылар облыстың даңқын асырды. Солардың ішінде Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Маргарита Мукашева, Жанат Жақиянов және т.б. бар. Сондықтан бұл маңызды оқиға деп ойлаймын. Бұрын қысқы спорт түрлерімен далада айналысса, енді мұз аренасында да шеберлікті шыңдауға болады. Мұнда республикадағы ең ірі жеңіл атлетикалық манеж бар. Айтулы оқиғамен құттықтаймын. Жеңістер көбейе берсін!», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Спорт сарайының құрылысына 3 миллиард теңге жұмсалды.

Атап өту керек, ғимараттың жалпы аумағы 14 853 шаршы метр. Жобада үш функционалдық блок қарастырылған: жеңіл атлетикалық манеж, мұз корты, велосипедшілер мектебі.

Жеңіл атлетикалық манеж орналасқан зал аумағы 4775,8 шаршы метрді құрайды, 500 көрерменге шақталған. Мұз кортының аумағы - 2348,5 шаршы метр, трибунасы -1000 орындық.