Петропавлда Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар өтуде

ПЕТРОПАВЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Петропавлда Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар өтуде.

Ұйымдар мен білім мекемелерінде сайыстар, концерттер өтіп жатыр. Сондай-ақ білім ордаларында шығыс халқы үшін қасиетті және көне мереке болып табылатын Наурыз мейрамының тарихы мен дәстүрі жайлы сыр шертетін сабақтар, сыныптан тыс шаралар өткізілуде.

Мәселен, мерекелік бағдарламаның аясында қалалық Мәдениет үйінде Астана қаласы ішкі әскері ұйымдастырған ән мен би кеші өтті. Сонымен қатар «Абылай ханның ордасының» мұражай кешенінде «Шырайлы көктем арулары» атты фотокөрме ашылды. Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында кітап көремесі және музыкалық кеш өтті.

Ертең Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Наурыз мейрамы мен жазушы Ғ. Мүсіреповтың 110 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өтеді.

Наурыз мейрамының салтанатты ашылуы 22 наурызда М. Жұмабаев алаңында өтеді.

Сондай-ақ орталық алаңда халық шеберлері жасаған қолданбалы өнер бұйымдарының көремесі өтеді. М. Жұмабаев алаңында өнеркәсіптік өндіріс өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.

Облыстық қуыршақтар театрында балалар үшін «Алдар Көсе» қойылымы көрсетіледі, қазақ музыкалық-драма театрында «Наурыз құтты болсын» атты мерекелік концерт өтеді.

23 наурызда Н. Погодин атындағы облыстық драма театрында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама жоспарлануда.