Солтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Петропавл халықаралық әуежайы қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Ол коммуналдық меншікке өтті. Нысанның ешкімге қарызы жоқ.
«Былтыр субсидиялаудың нәтижесінде әуе рейстерінің саны ұлғайды. Мәселен тамыз айынан бастап жыл соңына дейін ұшақтармен 16 179 жолаушы тасымалданған. Бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4 есе артық. Қазіргі уақытта Петропавл әуежайынан Нұр-Сұлтан қаласына аптасына үш рет – сәрсенбі, жұма, жексенбі күндері және Алматыға аптасына екі рет дүйсенбі және бейсенбі күндері рейстер бар», - дейді басқарманың басшысы Мақсат Баяхмет.
Ал 1 наурыздан бастап бұл қалаларға ұшу жиілігі 2,5 есе артпақ. Нұр-Сұлтан қаласына күнделікті және Алматыға аптасына 5 рет ұшақтар шығарылмақ.
«Қазіргі уақытта Ресейдің Түмен қаласына халықаралық рейсті ашу мәселесі қарастырылып жатыр. «Utair» әуе компаниясы Ресей үкіметінен рұқсат құжаттарды алды. Қазіргі уақытта бұл мәселе ҚР Үкіметінде қаралады. ҚР заңнамасына сәйкестігін қарау үшін құжаттар пакеті қалыптастырылады», - дейді Мақсат Баяхмет.
Алғашқы рейс 2 сәуірге жоспарланған. Ұшақ Түменнен жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 09.10-да шығып, түскі сағат 12.30-да Петропавлдан кері ұшады.
Билеттің құны шамамен 18 мың теңге болмақ.