Петропавлда неше адам 10 сотық жерге кезекте тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне жыл басынан бері 1013 адам кезекке тұрды.
Петропавл әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, қазіргі уақытта 10 сотық жер алғысы келгендер саны 23 500-ге жеткен. Ал тұрғын үй салуға биыл небары 82 учаске берілді.
Облыс орталығында жеке тұрғын үй салуға арналған 10 сотық жерге кезек 2003 жылы басталды. Ол жылдан-жылға өсіп келеді. 2013 жылдан бері тек 1,5 мыңға жуық адам ғана көптен күткен учаскеге қол жеткізген.
Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі мамандарының айтуынша, 2024 жылы есепке 2 183 азамат алынды, сол жылы 83 учаске тұрғындарға берілді. Былтыр 10 сотық жерге 1 431 адам өтініш берсе, тек 46 тұрғын ғана жерге ие болды.
Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, «Солнечный-2» және «Оңтүстік» шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Жұмыс жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс. Нәтижесінде 1419 учаске берілетін болады.
Бұған дейін жер учаскесіне қатысты шешімдерді онлайн алуға болатынын жазған едік.