Оңалту орталығы Петропавлдағы көпбейінді қалалық ауруханада орналасқан.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, 716 өңір тұрғыны оңалту орталығында емделуі үшін 163 млн 400 мың теңге шамасында қаржы жұмсалған. Орталықта жүйке жүйесі зақымданған, нейрохирургиялық, ортопедиялық ота жасалған және травматологолиялық зақым алған науқастар емделеді.
Петропавл тұрғыны Сәуле Мұстафина тізесі бүгілмей қалып, ауруханаға жатты. Дәрігерлер сырқатты тексере келе, дереу менискіге ота жасауға шешім қабылдайды.
«Жазда маған артроскопия жасалды. Бір айдан соң оңалту орталығына келіп, ем-дом қабылдадым. Тіземді бүге алмағандықтан оңалту процедуралары қажет-ақ еді. Қазір 2-ші рет орталықта ем қабылдап жатырмын. Отадан кейін жарты жылдың ішінде 3 рет емдеу мекемесінде жату керек екен», - дейді Сәуле Мұстафина.
Сауықтыру 14 күнге шақталған. Осы аралықта емделушілер жылыту, электр тоғы, ультрадыбыстық қондырғылармен емделіп, медициналық массаж алады, дене бұлшықеттерін ширататын арнайы тренажерлерде жаттығуларды жасайды.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта аяқ-қол буындарының сырқырауына байланысты тұрғындар шағым көп.
«Біздің көпбейінді қалалық аурухананың оңалту орталығы 45 жатын орынға шақталған. Науқастар дәрігері арқылы порталға өтініш қалдырып, кезекке тұрады. Кейін олар оңалту процедураларынан өтеді. Емделушілердің ем-домы МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылған», - дейді физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Анжелика Осиян.
Жыл басынан бері оңалту орталығында ем алғандардың 344-і ортопедияға қатысты болса, 257-сі жарақат алғандар, 111-і неврологиялық дерті барлар және 4-не нейрохирургиялық ота жасалған.
Бұған дейін СҚО-да 150-ге жуық дәрігердің орны бос тұрғанын жазған едік.