Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 10-нан астам солтүстікқазақстандық интернетте «жылдам табыс табуды» уәде еткен алаяқтардың құрбаны болды. Солардың бірі – 21 жастағы Петропавл тұрғыны. Ол басқаларға ескерту мақсатында өз оқиғасымен бөлісті.
Жігіттің айтуынша, ол YouTube бейнехостингінде жалған жарнамалар кездесетінін күтпеген. Сондықтан, ірі мұнай компанияларының бірінің биржада ақша табуға уәде береміз деген бейнеролигіне сеніп қалған.
Алаяқтар оған «биржалық қосымшаны» жүктеу үшін WhatsApp мессенджері арқылы сілтеме жіберген. «Трейдерлермен» байланыс Skype арқылы жүзеге асырылған, қоңыраулар бірде қазақстандық, бірде британдық нөмірлерден келіп түскен.
Ірі олжаға кенелетініне сенген жігіт ұзақ уақыт бойы өзінің 700 мың теңгесін және несиеге алған 250 мың теңгені «инвестицияға салған».
Бірде алаяқтар петропавлдықтан тағы бір несие алып, «биржалық ойынға миллион теңге салуды» талап еткен. Содан кейін жас жігіт интернеттен осы биржа туралы жұрттың пікірін іздеп, желідегі алаяқтардың құрығына түскенін түсінген. Опық жеген жігіт өз басынан өткен жағдайға тап болмау үшін, интернеттегі кез келген ақпаратты тексеруге кеңес береді.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, алаяқтардың айла-әрекеттері әр түрлі болуы мүмкін, бірақ егер «жеңіл ақша» уәде етілсе, қандай да бір өте тиімді «акцияларға», «жүлделердің ұтыс ойындарына» қатысу және т.б., тіпті мұндай жарнамалар танымал брендтердің белгісімен бірге жүрсе де, әрқашан сақ болу керек. Ресми ресурстардағы акциялар туралы ақпаратты міндетті түрде тексерген жөн.