Петропавлда өрт сөндіру көлігі жол апатына түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда шақыртуға асыққан өрт сөндіру көлігі жол апатына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Петропавлдағы Ж.Жабаев және Абай көшелерінің қиылысында сағат 11.20 шамасында жол-көлік апаты болып, өрт сөндіру машинасы мен «Volkswagen» маркалы жеңіл автокөлік соқтығысып қалды.

«СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ АЦ-8-40 өрт сөндіру көлігі жоғару шақырту нөмірі бойынша өрт орнына асығып бара жатқан. Жолда жеңіл автокөлікпен соқтығысып қалды. Оқиғаның мән-жайы анықталады», - делінген департамент таратқан ақпаратта.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнында түсірілген видео тарала бастады. Оған куә болғандардың айтуынша, өрт сөндіру көлігі арнайы жарық белгілерін қосып қозғалған. Алайда, ол белгіні жеңіл көлік елемеген.