Петропавлда өткен командалық айтыста астаналық өнерпаздар жеңіске жетті

Фото: Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда командалық айтыс мега-жобасы аясында жергілікті өнерпаздар астаналықтармен республикалық айтыстың екінші айналымында кездесті.

Айтыскер-ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы және «AMANAT» партиясы ұйымдастырған жоба былтыр басталып, биыл жалғасын тапты. Ел көлемінде ұйымдастырылған мега жобаға қатысқан 20 команданың 10-ы келесі кезеңге өтіп бақ сынады. Оның қатарында солтүстіктің өнерпаздары да бар, бірінші кезеңде олар Шығыс Қазақстан облысының командасымен сахнада кездесіп, жеңіске жетті. 

Бұл жолғы кезең «Еңбек адамы - ел мақтанашы» тақырыбында өтті.

Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

- Бірінші айналымнан өткен 10 құрама ішінен жартылай финалға өткендерді саралайтын боламыз. Жартылай финал мамыр айында Астанада өтеді. Бүгін Солтүстік Қазақстан мен Астана қаласының құрамалары сайысады. Олар көрерменге қазақтың бекзат өнері - айтысты көрсетеді деген ойдамын, - деді мега-жобаның авторы Аманжол Әлтаев.

Қазылар алқасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастады. Әр өнер көрсеткен жұптың бағасын сол саланың маманы ғана бағалай алды.

Қос өңір арасында өткен өнер бәйгесінде ақындар «түре», «сүре», «қайым» және «қыз бен жігіт айтысы» жанрлары бойынша сынға түсті. Сонымен қатар күй, жыр, терме және дәстүрлі ән бойынша да мықтылар анықталды. Мега жобаның бұл кезеңінде теріскей командасында өзгеріс бар. Термені Мейрамгүл Здуалиева айтса, күй тартуға Асхат Ғалеев шықты. Қыз бен жігіт айтысында Берденбек Мырзат бақ сынады.

Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

«Осыдан бір ай бұрын, Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған айтыста командамыз солтүстіктің өнерін көрсетіп, сал-сері, батырлардың ұрпағы екенімізді дәлелдей алдық. Жыр-терме, дәстүрлі ән сынына түсетін жігіттеріміз сайдың тасындай іріктелген. Осы жолы да жеңістен үміт бар. Астана қаласының командасын айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы бастап келіп отыр. Олар да тіс қаққан өнерпаздар. Бірақ, біздің қыз-жігіттер де осал емес. Бабалардан мирас болып қалған өнерді ұлықтап жүрген жандар, - деді ұйымдастырушы әрі айтыскер ақын Жарқын Жұпархан.

Бір айда екінші рет өтіп отырған додаға келген қауым көп. Қазақтың күмбірлеген күйі мен төгілген жыры келген көрерменнің делебесін қоздырып, қиқуға басты. Есілдің жағасында туған ұлы тұлғалардың мерейтойлары туралы да сөз қозғалды. Бұл Қожаберген жырау мен Шал ақын, Сегіз серінің өнері әлі де өшпей келе жатқанын көрсетеді. Қазақтың қара домбырасын шертіп, түрлі күйді төгілткен, суырып салмалығымен көзге түскен және де қазақтың кең даласына ән салып дауысын жеткізген өнерпаздар көрермен қошеметіне бөленді. Айтыскерлер болса қағытпа сөздер арқылы бір-бірін шымшып өтіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді де көтере білді.

Фото: «AMANAT» партиясы СҚОФ

Доданың қорытындысы бойынша Астана қаласының командасы бас жүлдені жеңіп алып, республикалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Жеңімпаз команда мүшелеріне: әр ақынға – 500 мың теңгеден, ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші және күйшілерге – 250 мың теңгеден берілді.

Бұған дейін СҚО-да «Қазақ тілі» қоғамының 35 жылдық мерейтойы аталып өткенін жазған едік.