Петропавлда өз акционерлерін тақырға отырғызған зауыттың шешімін сот заңсыз деп таныды

Фото: pixabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы ЗИКСТО зауыты акционер болып келетін өз зейнеткерлерінің құқығын бұзып, мәселе сотта қаралды. 

Кәсіпорын зейнеткерлерінің айтуынша, ЗИКСТО зейнет демалысына шыққан әр жұмысшысына акция сыйлаған. Олар бертінге дейін жылда дивиденд алып келген. Кейін акцияларының жай қағаз болып қалғанын біліп, сотқа шағымдануға тура келді. 

— Олар зауытты 91 млн теңгеге ғана бағалап, әр акционерге бөлген кезде, бір акцияның құны 16 теңге ғана шығып отыр. Біздің есебімізше, ең кемінде 10 мың теңге болуы керек, — дейді зауыт зейнеткерлері.

Істі Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарап, арызданушылардың талабын қанағаттандырды.

СҚО сотының мәліметінше, «ЗИКСТО» АҚ қайта ұйымдастыру кезінде акцинерлер заңсыз шеттетілген. Олар кезектен тыс жалпы жиналыстар туралы заңнама мен жарғы талаптарына сай хаабарландырылмаған. Салдарынан акционерлер корпоративтік басқарудан алынып, өз құқықтарын пайдалану мүмкіндігінен айрылған.

Сот 2023 жылғы 19 маусымда Айгүл Мырзаханова мен «ЗИКСТО» АҚ арасында жасалған 260 мың қарапайым және 327 мың артықшылығы бар акцияларды сату-сатып алу шартының күшін жойды.

2023 жылдың 29 маусымында болған акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімін — 490 мың артықшылығы бар акцияны жай акцияларға айырбастауды заңсыз деп тапты.

2023 жылғы 15 тамызда Айгүл Мырзаханова мен «ПремиумВагонКомплект» ЖШС арасында жасалған акцияларды сату-сатып алу шартын және 2024 жылғы 4 шілдеде «ЗИКСТО» АҚ ерікті түрде «ЗИКСТО» ЖШС-не қайта құру туралы жалғыз акционердің шешімін жоққа шығарды. Сот заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Петропавлда ТҮКШ бөлімінің басшысына 3 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.