СҚО Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 наурыз күні кешқұрым жедел-кезекші бөлімге Заводская көшесіндегі 5 қабатты үйдің төртінші қабатының терезесінде ер адамның тұрғаны жөнінде хабар түседі. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар «құтқару операциясына» кіріседі.
«Әріптесім Тайыр Мәдиев терезеден секірмек болған ер адаммен сөйлесіп, оны алдаусыратып тұрғанда, біз жоғары көтеріліп, темір есікті бұзуға кірістік. Есікті у-шусыз ақырын ашу керек болды. Бірақ, біздің кіргенімізді біліп қалған ол бізге күш көрсете бастады», - дейді құтқарушылар тобының жетекшісі Саян Ахметжанов.
Қайғылы оқиға санаулы секундтарда шешілді.
«Өте жылдам қимылдау керек болды. Бізді көрген ол терезеге атылды. Үйренген әдіспен белінен қапсыра құшақтап жерге құлаттым. Полиция қызметкерлерінің көмегімен психологиялық көмек көрсетілді. Су беріп, есін жиғыздық», - дейді құтқарушы Алтынбек Нараш.
Суицид жасамақшы болған ер адам 1976 жылы туған. Көршілерінің айтуынша, үйленген, баласы бар. Қазір мамандар оның неліктен мұндай қадамға барғанын анықтап жатыр.