Петропавлда өзгеше құйын тұрғындарды үрейлендірді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Петропавл аспанында түсірілген  құйын мен періште түріндегі бұлт суреттері әлеуметтік желілерде таратылып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Петропавлда болған ерекше құбылысты әлеуметтік желі пайдаланушылары қызу талқыға салды. Аспандағы періште кескіні көпшіліктің күдігін сейілтсе, құйын бейнесі кей петропавлдықтардың қорқыныш сезімін оятқан.

«Құйын сізге жақын болса, қашып әуреленбеңіз, одан да жертөлеге түсіңіз. Құйынның жылдамдығы сағатына 100 шақырымға жетеді», - дейді бір пайдаланушы. Ол күтпеген жағдайда өзін қалай ұстау керектігін айтып, тұрғындарға кеңес берген.

Мамандар солтүстікқазақстандықтардың үрейленуіне себеп жоқтығын айтады. Бұған дейін ешқашанда Солтүстік Қазақстан облысында құйын тіркелмеген.

«Сенбі күні Петропавлда нөсер жаңбыр жауып, 19 м/с жел тұрып, найзағай жарқылдады. Тұрғындарды аспаннан көргені - әдеттегі суық бағыттағы түнерген бұлттар», - деді «Қазгидромет» РМК БҚОФ ауа райы болжамы бөлімінің басшысы Гүлзат Ғазизова.