Петропавлда пайдалануға берілмеген жаңа үй жаңбырға шыдас бермей, шатырынан су кетті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тұрғындар әлі қоныстанып үлгермеген жаңа үйдің төбесінен су ағып жатыр. Пәтерлер «2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында» мемлекеттік бағдарлама бойынша несие арқылы берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Горький, 16 мекенжайындағы бұл баспанадан пәтерлерді тұрғындар «Отбасы банк» арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында несиеге алған. Әзірге көшіп кірген жоқ. Бүгін түнде жауған жаңбырдың суы төбеден ағып, жоғары қабаттарды су басты.

«Бұл тоғызыншы қабаттағы пәтер, төбеден тағы да су ағып жатыр. Еденнің бәрі су, қалай бұл жерге материалды кіргіземіз егер аяқ алып жүретін жер болмаса?! Айтарға сөзім жоқ. Шатырды ауыстырамыз деп уәде етіп еді, ештеңені де ауыстырған жоқ. Өтінемін, бірдеңе істеңіздерші...», - дейді пәтер иесі.

Петропавл қалалық әкімдігі осы проблемалы үйге қатысты түсінік берді.

«Белгісіз себептермен үйдің техникалық қабатында нөсер кәрізі жұлынып, 23 тамызда жауын-шашыннан кейін үйдің жоғарғы қабатындағы пәтерлердің төбесінен су ақты. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйым - «Альфа Север» ЖШС кәрізді қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізді. Сондай-ақ, кепілдік міндеттемелер аясында компания пәтерлердегі төбеден аққан судың салдарын жояды. Мердігер ұйымның атына 31 тамызға дейін ақауларды жою туралы хабарлама жіберілді», - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Мамандардың айтуынша, баспанаға қазіргі уақытта электр энергиясын беру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін үй қоныстандырылады.

«Бұл баспананың құрылысы 2020 жылы басталды. Үйдің құрылысы былтыр аяқталғанымен, аумағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым салу бойынша жобаны іске асыру кешеуілдеді. Абаттандыру жұмыстарының аяқталу мерзімі 15 тамызға жоспарланған. Алайда, бұл жұмысқа жауапты «Энерджи-Тараз» ЖШС жұмыс кестесінен артта қалған. Кестені бұзғаны үшін мердігерге айыппұл салынады. Егер жұмыстар ағымдағы айдың соңына дейін орындалмаса, аталған компания сотқа берілмек», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.