Петропавлда полицейлер 99 жастағы соғыс ардагеріне арнап, аулада концерт ұйымдастырды
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияның мәдени орталық қызметкерлері Петропавлдың Бостандық көшесіндегі 54-ші үйдің ауласында шағын концерт қойды. Осылайша офицерлер ведомство бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың басшылығымен 99 жастағы ардагер Григорий Красильниковті жарқын мереке – Жеңіс күнімен құттықтады.
Облыстық полиция бастығы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов ақсақалға Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың телеграммасын табыстады, сондай-ақ ұзақ ғұмыр тілеп, сыйлықтар табыыс етті.
Аулада ардагердің құрметіне ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалауға көршілер де жиналды. Көрермендер полицейлерді қошеметтеп қарсы алды. Әртістер отты жылдары айтылған «Тучи в голубом», «Здесь птицы не поют», «Смуглянка», «День Победы» сияқты әндерді шырқады. Бүлдіршіндер ардагермен суретке түсті.
СҚО ішкі істер органдарында 700-ден астам майдангер еңбек еткен. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 76 жылдығын олардың тек екеуі Григорий Красильников пен Никита Семенов қарсы алады. 10 мамыр күні полиция генерал-майоры Марат Төлебаев Никита Герасимовичке де барып, 101-ші туған күнімен құттықтайды.