Петропавлда полицейлерден жасырынбақ болған жігіт қайтыс болды

Фото: Фото: freepik.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда тәртіп сақшыларынан жасырынбақ болған 21 жастағы жігіт мұзды суда отырған, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Бұл оқиға туралы әлеуметтік желіде жарияланды. https://www.instagram.com/p/DH70K-qsLvv/?igsh=MTdnc3VmN3l3eXN3ZQ== Петропавлдағы Солнечный кентінде 2 сәуір күні түнде жас жігіт гипотермиядан қайтыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол полицейлерден жасырынып мұзды суда біраз уақыт өткізген.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі жас жігіттің қайтыс болғанын растады.

- 2 сәуірге қараған түні Петропавл қаласының 21 жастағы тұрғыны Солнечный кентіне бұрылатын жолда табылып, жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, - делінген облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жігіт жедел жәрдем қызметі келгенге дейін қайтыс болған. Сондықтан реанимациялық жұмыстар жүргізілгенімен, ол еш нәтиже бермеді.

Бұған дейін СҚО-да 84 адам шошқа тұмауын, төрт адам гонконг тұмауын жұқтырғанын жазған едік.