Петропавлда «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы кеңейтілді

Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жаңа шетелдік кәсіпорынды ашу мақсатында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы кеңейтіліп, бесінші субаймақ пайда болды. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жаңа субаймақ 10 маусым күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 424 қаулысымен құрылды. Осылайша «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы 24,5 га аумаққа ұлғайып, 236,8 га жетті.

Жаңа құрылған бесінші субаймақта халықаралық деңгейдегі ірі инвестициялық жоба жүзеге асады.

— Жаңа субаймақта құрылысқа қажет ағаш өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорын құрылмақ. Осы мақсатқа 90 млрд теңге инвестиция құйылмақ. Нәтижесінде 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде тіркеу процесі жүріп жатыр.

Өңір үшін мұндай жобаның іске қосылғаны тиімді: жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке салық түседі, жоғары технологиялы өндіріс дамиды, шетелдік инвесторлардың сенімі артады.

Инвесторлар үшін де бірқатар жеңілдік бар — арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Бұл өз кезегінде инвесторлар үшін Қазақстанда бизнес жүргізудің тиімділігін арттырады, — дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.

2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 21 компания орналасқан. Жалпы инвестиция көлемі 315,9 млрд теңге. Нәтижесінде шамамен 4 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұған дейін халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының даму перспективаларын бағалаған еді