— Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Петропавл қаласында карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу барысында Ресей Федерациясынан әкелінген қарағай сүрегінен дайындалған араланған ағаш материалдары легінен карантиндік нысан — кіші қара шырша мұртты қоңызын (Monochamus sutor L.) анықтады, — делінген АШМ хабарламасында.
Жалпы көлемі 33 текше метр.
Залалдану фактісі «Фитосанитария» ШЖҚ РМК жүргізген карантиндік фитосанитариялық сараптаманың қорытындысымен расталды.
Еліміздің өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін жеке кәсіпкерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Сот қаулысымен кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды. Карантиндік өнім жойылды.
Айта кетелік СҚО-да Ресейден әкелінген тақтайдан қауіпті карантиндік зиянкес табылған еді.