Петропавлда республикалық театр фестивалі басталды

Петропавлда Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фесивалі басталды. Биыл ол көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры

Дәстүрлі театр фестивалі Петропавлда бір апта өтеді. Сарапшылар кеңесінің сүзгісінен өткен 10 спектакль өнер сүйер қауымның назарына ұсынылады. Қойылымдарды С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры мен Н.Погодин атындағы орыс драма театрынан көруге болады, кіру тегін.

- Фестивальді Түркістан театрының ұжымы әзірлеген «Мағжан» спектаклімен аштық. Залда ине шаншар жер болмады, халық тіпті жерге отырып қойылымды тамашалады.

Фестивальдің Петропавлда өтіп жатқаны жергілікті көрермендерге үлкен сый. Үздік деген спектакльдерді көру мүмкіндігіне ие болып жатыр.

Жалпы бұл фестивальдің берері көп. Әр спектакль біткеннен кейін қазылар алқасы талқылайды. Өнертанушылар, сыншылар әр қойылымның жақсы жерін атап, сынын айтады. Актерлер бір-бірінің ойынын көреді, тәжірибе алмасады. Театр өнерінің қазіргі деңгейі қандай, қай бағытта кетіп барамыз, неге назар аудару керек – бұл үлкен шеберлік сыныбы деп те айтуға болады, - дейді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев.

Қазылар алқасы 5 адамнан құралған, биылғы ерекшелігі – театр сыншыларының барлығы – әйел адамдар.

- Ұйымдастыру барысында сарапшылар кеңесіне 30-ға жуық спектакль ұсынылды. Соның таңдап алынған онының жанры да, қатысушылардың құрамы да әртүрлі.
Петропавлда театр фестивалі осыдан 21 жыл бұрын өткен екен. Енді міне жаңа театр ғимаратында кездесіп отырмыз. Халықтың қабылдауы жақсы, керемет көңіл-күйін, дәстүрлерін көріп жатырмыз.

Биыл жергілікті әкімдіктің қолдауымен барлық қатысушыларға да жақсы жағдай жасалды. Олар бұрынғыдай өз спектаклін қойып, кетіп қалмай, әріптестерінің өнерін де тамашалауға мүмкіндік алды, - дейді Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Айболат Жаудыр.

Театр фестивалінің жүлде қоры да биыл көбейген. Жеңімпаз ұжым биыл 3 млн теңгемен марапатталады. «Үздік әйел бейнесі», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік көркемдік шешім», «Үздік режиссура» сияқты аталымдардан бөлек Темірбек Жүргенов атындағы және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы сыйлығы да болады.