Әлеуметтік желіде өткен түні Петропавлдағы жаяу жүргіншілерге арналған Қазақстан Конституциясы көшесінде сағат 23.30 шамасында болған оқиғаның бейнежазбасы тарады. Полиция көлігі скутердің соңына түсіп, одан тоқтауын талап етті.
Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оқиға 25 шілде күні сағат 23.35 шамасында болған. Петропавл қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына Пестрое көлі жағынан Жамбыл көшесінде скутер келе жатқаны және оның жүргізушісі мас болуы мүмкін екені жөнінде хабар түскен.
Сондай-ақ скутерді басқарған ер адамда және оның жолаушысында жеке қорғаныш құралдары болмаған. Көліктің жарығы да жағылмаған. Ер адам тәртіп сақшыларының тоқтауды бұйырған заңды талабын елемей, қашып кетуге тырысты. Ол бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, полицейлерден құтылу үшін әдейі жаяу жүргіншілер жүретін көшеге шыққан.
«Айналадағы адамдарды, көшедегі жүргіншілерді дауыс зорайтқыш арқылы ескерткен автопатруль қызметкерлері қашып құтылуға тырысқан скутердің соңынан еріп отыруға мәжбүр болды.
Скутер жүргізушісін іздеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.