Петропавлда соғыс уақытындағы маңызды нысандардың онлайн картасы жасалып жатыр

Фото: Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 10-сынып оқушысы ұстазының жетекшілігімен жеңісті жақындатуға үлес қосқан зауыт-фабрикалардың және эвакогоспитальдардың онлайн картасын әзірлеп жатыр.

Анель Оразбекова – Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Жеңістің 80 жылдығына орай оқушы ұстазы Думан Закиринмен естелік картасын жасап жатыр.

Фото: СҚО тарихи - өлкетану музей

- Біздің негізгі мақсат – Петропавл қаласында Отан соғысына үлес қосқан кәсіпорындарды анықтап, ұмытылып кеткен, жабылып қалған ғимараттарды Google Maps арқылы онлайн картаға орналастыру. Облыс орталығында соғыс уақытында зауыттар қару-жарақ жасады. Сондай-ақ көптеген эвакогоспиталь болған екен. Соның бірі қазіргі мектептердің бірінде жұмыс істеген. Соны біз зерттеп, тауып, қайсы қай жерде болғанын анықтадық. Әлі жұмысты толық аяқтаған жоқпыз. Әзірге 15 нысанды анықтадық, - дейді тарих пәнінің мұғалімі Думан Закирин.

Ғылыми жобаны жазу барысында ұстаз оқушысымен облыстық өлкетану музейімен жұмыс істеген. Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығында болды. Мәселен, соғыс уақытында Петропавлда ғана бес эвакуациялық госпиталь жұмыс істеген. Соның бірі қазіргі Абай мен Астана көшелерінің қиылысындағы №1 жалпы білім беретін лицейде орналасқан. Ал 1941 жылы 21 шілдеде құрылған № 3595 эвакогоспиталь қаланың орталығында болған, бірақ нақты мекенжайын анықтау мүмкін болмады.

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейінен

Петропавлда қару-жарақ шығаратын бірнеше зауыттың болғаны көпшілікке белгілі. Бұдан бөлек темекі өнімдерін шығаратын, тігін фабрикалары жұмыс істеген екен.

- Бұл жай зерттеу емес, тарихи мұрамызды сақтау. Мен сияқты жастар соғыс уақытында тылда жұмыс істеген еңбеккерлердің ерен еңбегін біле бермейді. Бұл жоба тылда жұмыс істеген кәсіпорындармен таныстырады. Жобаны аяқтағаннан кейін алдағы уақытта осы картаны туристік маршрутқа енгізіп, қолдану жоспарланған. Яғни қала ішінде автобуспен жүріп, тарихи нысандарға экскурсия жүргізіледі, - дейді Анель Оразбекова.

Кейін осы карта аясында арнайы стенд те жасалмақ.

Бұған дейін соғыс уақытында Петропавлдағы комбинат жұмысшылары жоспарды 6 есе артық орындағанын жазған едік.

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейінен