Бұл – «Ауыл» ХДПП бастамасымен қолға алынып отыр. Ел аумағында болған су тасқыны зардаптарын жою үшін Жастар студенттік құрылыс жасақтарын қайта жандандырып, зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жайында Үндеу жасалған еді.
«Жастар тарапынан қолдау таптық. Жергілікті жоғары оқу орны мен колледждердің студенттері көмек көрсетуге дайын екенін айтып отыр. Бұл – қуанарлық жайт. Осы жағдай басталғалы партия жанынан жедел штаб құрдық. Екі мақсат алға қойылды. Біріншісі – жастардың құрылыс кезіндегі қауіпсіздігі. Екіншісі – олардың еңбегінің бағалануы. Енді олар жас азаматтар ғой, табыс табуы керек. Сондықтан біз жастармен келістік. Осы екі айда кем дегенде 450-500 мың теңге табады деп есептеудеміз. Келісімшартқа отырады. Барлық жұмыс құрылыс біткенше қадағаланады», - дейді «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев.
«Ауыл жастары» құрылыс жасағының құрамында 40 жас бар. Тағы 40 студент резервте тұр. Қазіргі уақытта Солнечный-2 кентінде тасқыннан зардап шеккендерге арналып 500-ден астам баспана салынып жатыр. Жастар осы алаңда еңбек етеді. Таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, түскі аспен тегін қамтылмақ.
«Бұл – үлкен қоғамдық әлеуметтік маңызы бар жоба. Бір жағынан, жастар жасағы зардап шеккен отандастарға су тасқыны зардаптарын жоюға көмектессе, екінші жағынан, студент жастардың жазғы демалыс кезінде еңбекке араласып, табыс табуына мүмкіндік береді. Басқа өңірлерде де жұмысты жалғастырамыз. Мәселен Қарағанды жастары басқа облыстарға барып, көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді», - дейді Серік Егізбаев.
Бұған дейін су басқан өңірлерден 23 мың адамның пойызбен көшірілгенін айтқан едік.