Петропавлда су арнасынан асып, көлік қозғалысына кедергі келтірді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Су тасқынының салдарынан Петропавл маңындағы жолда барлық көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Челябинск-Новосібір» республикалық бағытындағы автожол бойында жеңіл көліктердің қозғалысына шектеу сәуір айының 25-нен бастап қойылған.

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінде мұнда барлық көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынған. Полиция қызметкерлері мен жол құрылыс ұйымдары ескерту белгілерін қойып, жол шебінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған.

КТ-4 «А-16- Новониколский -Андреевка» облыстық бағытындағы автожол маңындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпір барлық көлік түрлері үшін жабылды.

«Айналмалы жолдары жұмыс істеп тұрғандықтан, көлік қатынасында айтарлықтай қиындықтар байқалмайды. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты елді мекендердегі үйлерді су алу фактісі тіркелмеген»,-деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Есіл өзені бойында судың аздап қайтуы байқалады. Бүгінде Сергеевский су қоймасындағы тасқын судың деңгейі 56 сантимер. Бастапқы мөлшеріне қарағанда, су деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалуда. 19 сәуірдегі жағдай бойынша, су деңгейі 168 сантиметр болған. Петропавл гидроторабы бөгеніндегі тасқын судың кедергісіз ағуы үшін арнайы құрылғылар қойылған.