Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында өткен брифингте Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев су тасқынынан зардап шеккендердің басты мәселесі – шығынды өтеу тәртібіне тоқталды.
«Біріншісі – 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініш. Екіншісі - табиғи апат келтірген шығынның орнын толтыру туралы өтініш. Біз бұл жұмысты адвокаттармен, нотариалдық кеңселермен, прокуратурамен бірлесе отырып атқарып жатырмыз. Нотариалдық кеңсе жәбірленушілерге бас сенімхат беру және т.б. мәселелерде тегін қызмет көрсетеді. Адвокаттарға келетін болсақ, олар сотта кез келген жоғалған құжаттар және мұрагерлік құқығына қатысты мәселелерді тезірек қарауы үшін жәбірленушілердің мүдделерін қорғайтын болады», - деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Төлемдер беріле бастауы үшін Төтенше жағдайлар департаменті су басқан аймақтағы үйлердің тізімін ұсынуы қажет.
Ал су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеудің заңдылығын прокуратура қадағалайды.
«Прокуратура әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ үйлерді су басқан аудандарда, эвакуация пункттерінде де тұрғындармен жиналыстар өткізілді. Әлеуметтік төлемдер мен мүліктің өтемақысын қалай алу керектігі түсіндірілді», - деді брифингке қатысқан Петропавл қаласының прокуроры Тыныбек Сапаров.
Ал әлеуметтік көмекті алу үшін табиғи апаттан зардап шеккен Петропавл тұрғындары қалалық әкімдікке және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласа алады.
Бұған дейін Мемлекет басшысының СҚО-ға жұмыс сапарымен барып, су басқан өңірдің жағдайын көргенін айтқан едік.