Петропавлда су желісінде болған апат жойылып, үйлерге су берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда үйлерді сумен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Бұл туралы аталған шаһардың әкімі Руслан Аңбаев өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының мәліметінше, су желісінде болған ірі апат салдарынан бір тәулік сусыз отырған 9 үйге кеше су берілген.

«Құрметті қала тұрғындары! Апаттық учаскедегі жөндеу жұмыстары аяқталды. 9 үй толығымен ауыз сумен қамтылды», - деп жазды Петропавл әкімі өзінің Іnstagram парақшасында.

Еске салайық, 1 желтоқсанда сағат 18:00 шамасында Петропавл қаласында су желісінде апат болып, қала тұрғындары сусыз қалған еді.

Кейін оқиға орнына жұмысына енді кіріскен СҚО әкімі Айдарбек Сапаров барып, жағдаймен танысты.

Петропавл әкімдігінің мәліметінше, су желісінде болған апатқа мердігер компания жауап береді. Өйткені, былтыр пайдалануға берілген су трассасының кепілді мерзімі аяқталмаған.