Петропавлда сүйектердің шығып жатқанына қарамастан ескі зираттың үстінде құрылыс жүріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда инклюзивті спорт орталығының құрылыс алаңынан жұмысшылар қап-қап адам сүйегін жинап жатыр.

Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде экскаватор жүргізушісінің бейнежазбасы тарады. Оның айтуынша, техниканың көмегімен табыттарды көтеріп шығарған. 

- Мына жерде бір ғана емес, бірнеше табыт бар екен. Жігіттер менің көмегіммен бесінші табыттан сүйектерді шығарып жатыр. Құдай өзі кешірсін. Қап сүйекке толды. 

Қазып жатырмыз, ана жерде тұрған бірнеше қап сүйек бүгін жиналды. Мен экскаватордың шөмішімен алып шығамын. Ана жігіт шыққан сүйектерді теріп, қапқа салады. Мүмкіндігінше тазалайды. Түнде қалай ұйықтайды екен, - дейді бейнежазба иесі. 

Петропавлдың тағы бір тұрғыны құрылыс жүріп жатқан орынға арнайы барған. Айтуынша, кіреберісте нысанның ақпараттық құжаты жоқ. 

- Адамдар арнайы құралдарсыз жұмыс істеп жатыр. Қайта жерлеу рәсімінің өз талаптары бар және ол сақталу керек, - дейді ер адам. 

Естеріңізге салайық, бұған дейін құрылысы басталған спорт нысанының орнында бір ғасырдан астам уақыт бұрын христиандардың зираты болғанын жазған едік. Қалада құрылыс қарқын алғандықтан оны жабуға тура келіп, үстінен ғимараттар тұрғызылған. Қазіргі құрылыс алаңында да жас натуралистердің станциясы орналасты.