Петропавлда тағы 150 үй бұзылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдың кіреберісінде бой көтеріп жатқан «Жас Өркен» шағын ауданының құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс алаңына барып, жұмыстың қарқынын сынға алды. Өңір басшысы Қазақстанның солтүстігіндегі құрылыс маусымы біршама қысқа болғандықтан, әрбір күнді тиімді пайдаланып, екі ауысыммен жұмыс істеу қажет екенін қадап айтты.

Шағын аудандағы 10 тұрғын үй кешенінде 10 мың пәтер халық игілігіне берілуі тиіс. Қазір үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа ғимараттардың бой көтеруі үшін жекеменшік секторға тиесілі үйлер бұзылады.

Петропавл әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, қазірге дейін 640-тан астам үй бұзылған. Қала басшының мәлімдеуінше, ол үйлердің иелеріне ақшалай өтемақы немесе ескі үйіне сай жаңа баспана ұсынылады. Тұрғындардың барлығы жаңа пәтерді таңдап отыр.

Бұл шағын аудандағы үйлер 1950-жылдары салынған. Олардың құны шамамен 8 миллион теңге айналасында бағаланып отыр. Петропавлда бұл ақшаға кеңдігі дәл осындай баспана сатып алу мүмкін емес.

«Жалпы алғанда, бір кварталда 40 үй салынады. Болашақты ескерсек, аурухана салу үшін кем дегенде 87 үй, мектеп үшін 60 үйді бұзу қажет. Аурухананы 8-мектепке жақын маңдағы учаскеге саламыз деп жоспарлап отырмыз. Сонда коммерциялық нысандарды бұзудың қажеті болмайды», - дейді М. Тасмағанбетов.

Құмар Ақсақалов келер жылы екінші желінің - жекешелендіру құқығынсыз жалға берілетін үйлердің құрылысына кірісу қажеттігін айтты.

«Ескі үйлерді бұзу арқылы қала тұрғындарының өмірін жақсартамыз. Олардың орнына 2,5-3 есе көп пәтер салынады. Бұл қаланың өсімі үшін тиімді», - дейді облыс әкімі.