Петропавлда тасқын кезінде су басқан №14 мектеп жөнделіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда су тасқыны кезінде Ойқала ықшам ауданындағы тұрғын үйлермен бірге мұндағы мектепке де зақым келді. Ғимараттың жертөлесі мен бірінші қабаты су астында қалды. Қазір нысанда жөндеу жұмыстары қызған.
Петропавлдағы Ойқала шағын ауданындағы Ю.А. Гагарин атындағы №14 орта мектептің негізі 1961 жылы қаланған. Көктемгі су тасқыны салдарынан бірінші қабатқа күрделі жөндеу қажет.
«Арнайы комиссия тексеріп, мектепті қалпына келтіруге жарайды деген шешім қабылдады. Нысанды жөндеумен «Мирас group» ЖШС айналысып жатыр. Мердігер компания жұмысты екі ауысымда ұйымдастырған. Құрылысшылар қабырғаларды сылап, жаңа еден төсеп жатыр. Қазір су, электр және жылыту жүйесін жаңарту жұмыстары қызған», - делінген Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің жауабында.
Ведомствоның мәліметінше, апатқа дейін білім ордасында Ойқаланың 400-ден астамы баласы біліп алған. Жаңа оқу жылында жөнделген мектепте 185 бала оқиды деп жоспарланып отыр.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев мектептің екінші және үшінші қабаттарында ағымдағы жөндеу жүргізілетінін айтты. Қазіргі уақытта әлеуметтік нысанды 1 қыркүйекке дейін жөндеп, пайдалануға беру міндеті тұр.
Ойқала ықшам ауданында әзірге тасқынның салдарын жою жұмысы аяқталған жоқ. Механикалық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Аудандардан келген құрылысшылар қалпына келтіруге жарамды деген үйлерді жөндеуге көмектесіп, апатты баспаналарды бұзып шығарып жатыр.
Бұған дейін Петропавлда бір отбасында он тоғызыншы баланың дүниеге келгенін жазған едік.