Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 31 отбасы пәтерге ие болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 380 отбасының пәтері жарамсыз деп танылды. 31 отбасы суға кеткен үйлерінің орнына пәтер алды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынынан зардап шегіп, суға кеткен баспаналарының орнына пәтер алған қала тұрғындарының шаңырақтарына барып, қоныс тоймен құттықтады.
Юлия Сабитова Ойқала ықшам ауданында тұрған, су басқан баспанасы мүлде жарамсыз болып, енді ұлы және ата-анасымен бірге үш бөлмелі пәтерге көшті.
«Маған жер үй де ұсынды, бірақ таңдау пәтерге түсті. Ұлыма аутизм диагнозы қойылған. Сондықтан маған пәтер ыңғайлы. Пәтер ұнады, жөнделген, керекті жиһаздың бәрі бар», - дейді Петропавл тұрғыны.
Ал Қуаныш пен Гүлден Серіковтер жаңа үйден бір бөлмелі пәтер алды. Отбасының екі баласы бар.
«Біздің үйіміз 1959 жылы салынған. Іргетасы жарылып, отырып қалды. Осы үйді өзіміз таңдадық. Жұмысқа, балабақша жақын. Көп рахмет. Қалған зардап шеккендер де тезірек үйлеріне кірсін деп тілеймін. Мұндай жаман жағдай енді қайталанбаса екен», - дейді Қуаныш Серіков.
Облыс әкімі тұрғындардың жағдайын көрді.«Президенттің тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні олар үшін Петропавлдан 31 пәтер сатып алынды. Бұл жұмыс жалғасады. Пәтерлер пулы жасақталды, зардап шеккендерде таңдау бар: пәтердің немесе Солнечный-2 шағын ауданында салынып жатқан 520 үйдің бірінің иесі бола алады», - дейді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, 380 отбасы пәтер алуға комиссиядан өтті. Олардың 40-ның өтініші қаралып жатыр. Сондай-ақ «Солнечный-2» шағын ауданынан баспана алуға 42 өтініш түскен.
Бұған дейін СҚО-да прокуратура 20 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарғанын айтқан едік.