Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 53 отбасы жаңа үйге кірді

Фото: Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы бұған дейін «Солнечный-2» аталып келген шағын аудан бұдан былай «Бірлік» деп аталады. Бүгін мұнда 53 отбасы 5 аптаның ішінде бой көтерген жаңа баспаналардың кілтін алды.

Жаңа үйлердің алғашқы легі тасқыннан зардап шеккен отбасыларға салтанатты түрде табыс етілді. Бұл баспаналар «Қазақстан халқына» қорының қаржысына тұрғызылды. Құрылыс 24 сәуір күні басталып, қысқа мерзімде ауданы 80 шаршы метр болатын, үш бөлмелі үйлер сапалы да, жайлы баспаналар пайдалануға берілді. 

Фото: СҚО әкімдігі

«Бұған дейін болмаған ауқымды су тасқыны солтүстікқазақстандықтардың ауызбіршілігін көрсетті. Өңірге келген Мемлекет басшысы ешкімнің де қолдаусыз қалмайтынын айтып, зардап шеккендердің қорқынышын сейілтті, үміт сыйлады. Президенттің үндеуін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев те қолдап, қаржылай көмек көрсетті. Алғашқы 100 үйдің құрылысына қаражат бөлді», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бүгін баспаналы болып, көппен бірге қуанып жатқандардың бірі – Нұрсұлу Мырзахметованың отбасы. Ерлі-зайыпты осыдан 6 жыл бұрын Жамбыл ауданы Рождественка елді мекенінен қоныс аударған. Петропавлдағы Ойқала шағын ауданындағы суға кеткен ескі үйдің ауданы 40 шаршы метр болса, енді екі есе кең, жарық та, жайлы үйге қоныс аудармақ. 

Фото: СҚО әкімдігі

«13 сәуір күні үйімізді су басты, қатты уайымдадық. Бүгін енді қуанышым қойныма сыймай тұр. Президентке, облыс әкіміне алғысым зор. Осы үйдің салынып бітуіне жағдай жасаған бәріне рақмет айтамын. Біздің жолымызды басқаларға беріп, олар да осылай қуансын. Біз өмір бойы жер үйде тұрып келеміз. Сондықтан да таңдау бірден осы шағын ауданға түсті. Үшінші топтағы мүгедектігім болса да, бау-бақша еккенді, гүл өсіргенді ұнатамын. Жаңа үй өте ұнады, алғысым шексіз», - дейді Нұрсұлу Мырзахметова.

Қоныс той иелеріне жаңа үйдің кілтімен бірге жиһаз бен тұрмыстық техниканы тегін алуға мүмкіндік беретін сертификат та табыс етілді. Бұл – «ЗИКСТО» АҚ сыйы. Зауыт осы мақсатқа 700 млн теңге бөлді. 

Фото: СҚО әкімдігі

«Бүгіннен бастап біздің тұрғындарда жаңа өмір басталады. Сіздердің әрқайсыларыңыз үшін ең бастысы баспана екенін түсінеміз. «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен басқа өңірлерге де осындай үйлер тұрғызуға қаржы бөлді. Бұл – Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары. Мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне ризамын, тез арада баспаналарды тұрғызып, бүгін алдын беріп жатыр. Сіздер Қазақстан бойынша салынған үйлерге бірінші болып кіріп жатырсыздар», - деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңқысбаева.

Шағын ауданда қазіргі уақытта 90 орынға шақталған балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп те салынбақ.

Бұған дейін БҚО-да суға кеткен егістік, бау-бақша алқаптарының шығыны анықталып жатқанын жазған едік.