Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге арналған ауданда балабақша құрылысы басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Солнечный-2» шағын ауданында жаңадан бой көтеретін балабақшаның құрылысы басталды.
90 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесін «Мирас Group» ЖШС салып жатыр. Айта кетейік, бұл шағын ауданда тасқыннан зардап шеккендерге берілетін баспаналар тұрғызылуда.
«Балабақша инвесторлардың қаражатына салынады. Жоба құны – 500 млн теңге. Жаңа балабақша жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі тиіс», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Елемесова.
Қазіргі кезде «Солнечный-2» шағын ауданында құрылыс жұмыстары жанданған. Мұнда 700 баспана бой көтеруі тиіс.
«200 үйдің құрылысына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. 300 баспана «Қазақмыс» компаниясының, 100 үй Kaspi Bank, 20 үй YDA Group түрік компаниясы және 80 үй инвесторлар есебінен салынып жатыр», - дейді Майгүл Елемесова.
Бұған дейін Петропавл тұрғыны 20 жылдан бері жоқ көлікке салық төлеуге мәжбүр екенін айтқан едік.