Петропавлда «Тәтті кітап» фестивалі өтті

Петропавлда «Тәтті кітап» ерекше фестивалі өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Мектептің баспасөз қызметінен

«Тәтті кітап» фестивалі Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Қызықты іс-шараға 7-8 сынып оқушылары қатысты. Олар 10 шаңыраққа бөлініп, сайысқа түсті.

«Бұл фестивальді оқушылар асыға күтеді. Балалар көркем әдебиеттің қызықты әлеміне бойлап, оқыған шығармалары бойынша театрландырылған қойылымдар дайындайды. Шығарма бойынша білімдерін көрсетіп, қызықты квесттерге қатысады.

Біздің мақсат – кітап оқуды насихаттау. Мұндай ерекше іс-шаралар олардың көркем шығармаларды оқуға шабыттандырады деген ойдамыз. Осы мақсатымызға жетіп, кітапханаға келетін оқырмандар саны артады деген үмітіміз бар», - дейді мектептің педагог-кітапханашысы Сәндігүл Ташетова.

Фото: Мектептің баспасөз қызметінен

Оқушылар Төлен Әбдіковтің «Әке» повесін, Владимир Короленконың «Дети подземелья», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Лев Кассильдің «Ход белой королевы», Дэниел Кистің «Элджернонға арналған гүлдер», Бердібек Соқпақбаевтың «Он алтын жасар чемпион», Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным», Ғабит Мүсіреповтің «Ананың арашасы», Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», Виктор Астафьевтің «Фотография, на которой меня нет» шығармаларын таңдап, олармен жан-жақты танысты.

Фото: Мектептің баспасөз қызметінен

Ал фестиваль барысында балаларға ата-аналары мен мектеп мұғалімдері қолдау көрсетті.

«Осы іс-шара арқылы мен торт әзірлеуді үйрендім, кітап оқыдым, сөздік қорыма жаңа сөздер қостым. Төлен Әбдіковтің өмірбаянымен таныстым. Шығарма арқылы ата-ананы, өзге адамдарды құрметтеуді, оларды ренжітпей, сыйлауды үйрендім», – дейді мектеп оқушысы Арлан Мұхаметғали.

Фото: Мектептің баспасөз қызметінен

Ал фестивальдің қорытындысы ретінде оқушылар ата-аналарының көмегімен ұнаған шығармаларын арқау етіп, торт дайындады. Іс-шараға келген қонақтар 10 шығарма туралы білімдерін жетілдіріп қана қоймай, «тәтті кітаптың» дәмін де татып көрді.

Сайыс нәтижесінде бірінші орынды «Мағжан Жұмабаев», екінші орынды «Жалын» шаңырағының оқушылары, ал үшінші орынды «Есіл» шаңырағының оқушылары иеленді.

Фото: Мектептің баспасөз қызметінен
Фото: Мектептің баспасөз қызметінен
Фото: Мектептің баспасөз қызметінен