Петропавлда театр режисері спектакльге қажет қуыршақтарды өзі жасайды

Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының бас режиссері Григорий Лайко спектакльге қажет қуыршақтарды өзі жасайды, актер ретінде сахнаға да шығады. Бірнеше мамандықты жетік меңгерген ол бүгінде 300-ден астам кәсіби қуыршақтың авторы, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Григорий Лайко қуыршақты жасап қана қоймай, оған жан бітіреді. Оның қолынан шыққан қуыршақтардың өз мінезі, ерекшелігі бар. Алғаш рет ол бұл өнермен 30 жыл бұрын, 8 жасында танысқан екен.

Фото: Kazinform

«Театрдың қуыршақтарына деген қызығушылық бала кезден пайда болды. Бұрын теледидарда «Қуыршақ театры әлемі» деген белгілі актер Зиновий Гердт жүргізетін тамаша бағдарлама болатын. Сол бағдарламаның 4 сериясы қуыршақтардың жасалу жолына арналды. Бағдарламадан шабыттанып, бірнеше қуыршақты жасап шыққан едім. Ол кезде, әрине жасалған қуыршақтың сапасы жайында айтпаса да түсінікті. Мен театр қуыршағын жасауды меңгеруді мақсат еттім. Кейін қызығушылығым өзгеріп, математика, физикаға ден қойдым. Бірақ мектепті бітірісімен мәдениет колледжіне режиссерлік бөлімге оқуға түстім. Кейін Мәскеудегі ГИТИС-ті театр әртісі және режиссері мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол жерде қуыршақ театрына басымдық беріліп, осы саланың қыр-сырын меңгердім. Курста оқып жүріп Голландия режиссері Дуда Пайваның қойылымын көріп, қуыршақ театры өнеріне ғашық болдым. Бар ғұмырымды осы салаға арнаймын деп шештім», - дейді Григорий Лайко.

Фото: Kazinform

Шебердің айтуынша, бір қуыршақты жасауға кейде айлап уақыт кетеді. Берік, төзімді болуы үшін ағашты, соның ішінде қайың мен жөкені қолданады. Қазір Григорий қуыршақтар ғана емес, қажетті нысандарды, механикаландырылған декорацияларды да жасайды.

«Оқып жүріп Мәскеудегі Бауман театрына жұмысқа орналастым. Үшінші курста шебер Александр Максимочев және суретші Татьяна Мельниковамен таныстым. Олар бірге жұмыс істеді. Александр қуыршақтың мүсінін ағаштан жасап, механикасымен айналысса, оны әрлеу, киімін тігу Татьянаның міндеті еді. Біз бірге қойылымды сахналадық. Сол жолы 30 қуыршақты пайдаландық, бұл үлкен жұмыс болды. Көп тәжірибе алдым», - дейді Григорий Лайко.

Фото: Kazinform

2013 жылы жас режиссердің «Күміс тұяқ» атты алғашқы спектаклі көрерменге жол тартты. Ол қойылым СҚО қуыршақ театрында сахналанды.

«Өзім режиссер, әрі актер болғандықтан қуыршағымды жетілдірдім, бұл менің авторлық өнертабысым деуге болады, қуыршақты бір қолмен басқаруға болады. Яғни әртіс сахнада екі-үш қуыршақпен қатар жұмыс істей алады», - дейді режиссер.

Маманның айтуынша, театр қуыршағының түрі көп, әртістің басқаруына қарай марионетка, шарнирлі немесе планшетті қуыршақ, адам бойымен бірдей және қолғап қуыршақтар бар. Бүгінде оның қолынан шыққан қуыршақтардың саны 300-ден асқан.