Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің мәліметінше, әмбебап теннис орталығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2018 жылы салынып, бұған дейін жекеменшікте болған. Бірнеше жылдан кейін құрылыста жіберілген кемшіліктері анықтала бастады: алаңның жабындысы жарылып, дренаж жүйесі істен шықты.
- Заңға сәйкес нысанды бірден мемлекет меншігіне алу мүмкін болмады, қайтару үшін бірнеше жыл соттасуға тура келді. Тек биыл жазда орталық мемлекет меншігіне қайтарылып, жергілікті бюджет есебінен кешенді жөндеу жұмыстары басталды. Нысан толықтай заманауи стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді: теннис алаңы, дренаж жүйесі жаңартылды, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта төрт жабық және үш ашық корт жұмыс істейді, сондай-ақ мың орындық көрермен трибунасы бар, - дейді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қазір орталықта республикалық турнир өтіп жатыр, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам теннисші қатысқан. Ал қаңтар айында теннистен алғашқы халықаралық жарыс өтпек. 15 елден келген спортшылар қатысады деп жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, балалар спортын дамыту мақсатында 10 білім беру ұйымында теннис секциялары ашылады. Қазақстан теннис федерациясы шет қалмай, қолдау көрсетіп, барлық алаңды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етпек. Алғашқысы «Береке» шағын ауданындағы №29 орта мектепте ашылды.
Бұған дейін Петропавлда су басу қаупі жоғары Заречный кенті тұрғындарына жаңа пәтерлер берілгенін жазған едік.